РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАЙДАРМАН» ОЙЫНЫНДА САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРАМАСЫ ТОП ЖАРДЫ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАЙДАРМАН» ОЙЫНЫНДА САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРАМАСЫ ТОП ЖАРДЫ
 
Кентау қаласында республикалық деңгейдегі «Жайдарман» ойындары ұйымдастырылып, іс-шара «Кентау қаласы әкімінің кубогына» арналды.
Көңілді тапқырлар сайысы Қазақстан КВН Одағы президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есен Елеукен жүргізуімен жоғары деңгейде өтті. Сайысқа еліміздің әр өңірінен және шетелден келген барлығы 12 команда қатысты. Атап айтқанда, Шымкент, Сарыағаш ауданы, Астана, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Абай облысы және Қарақалпақстан құрамалары бақ сынасты.
Тартысты дода бір кезең — сәлемдесу форматында өтті. Қатысушылар қоғамдағы түрлі тақырыптарды, Кентау қаласының ерекшеліктері мен көркем келбетін әзілмен шебер ұштастырып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аталған шара жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, әзіл-сықақ жанрын дамытуға және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Сайыс қорытындысы бойынша:
• І орын — Сарыағаш ауданынан келген «Абырой СұңқарМед» құрамасы;
• ІІ орын — Ақтөбе облысынан «Оспанов құрамасы»;
• ІІІ орын — Шымкент қаласының «Mademuazel» құрамасы.
Сонымен қатар, Қарақалпақстаннан келген «Алмаз» құрамасына арнайы жүлде табысталды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, қатысушыларға және жүргізушіге алғыс білдірді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі