
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс және абаттандыру жұмыстарының орындалу барысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен Қазығұрт ауданымен шектесетін аумақта орналасқан ауданның кіреберіс төлқұжатын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанды көрді. Нысан басында мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударды.
Қазіргі уақытта нысанның іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі мердігерге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жөндеу жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Сарыағаш қаласы арқылы өтетін республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолы бойындағы абаттандыру және көркейту жұмыстары бойынша құрылыс алаңында көшпелі жиын өткізді. Жиын барысында мердігер ұйым тарапынан жоба эскизі таныстырылып, жоспарланған жұмыстар пысықталды.
Аудан басшысы А-15 автожолы бойындағы аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді, сондай-ақ санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған жобалардың негізгі мақсаты – қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және сақтау, жол бойындағы инфрақұрылымды заманауи талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ өңірге келетін туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру екенін атап өтті.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі