
Сарыағаш ауданында шекаралық үйлестіру кеңесінің 2026 жылдың І тоқсаны бойынша кезекті отырысы өтті. Жиында Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы тарапынан мемлекеттік шекараны қорғау және шекаралық режим талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасалды.
Кеңес барысында шекара маңындағы аумақта шетел азаматтарына заңсыз қызмет көрсету фактілерінің алдын алу, заңсыз көші-қонға жол бермеу, сондай-ақ қонақ үйлер мен жалдамалы тұрғын үйлерге бақылауды күшейту мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар, көктемгі кезеңде ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, құрғақ шөптердің өртенуіне жол бермеу және шекара маңындағы аумақтарды су басудың алдын алу қажеттігі ерекше атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бағытында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі