Сарыағаш ауданында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған төртінші мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сарыағаш қаласында еңсе тіктеген жаңа білім ордасы 300 оқушыға арналған.
Салтанатты жиынға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шермат Ибрагимов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар мен қала тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі құттықтау сөзінде жас ұрпаққа білім жолында биік белестерді бағындыруды тілеп, ұлттық жобаның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов пен ардагер ұстаздар да ізгі тілектерін арнады.
Жаңа мектеп – заман талабына сай жабдықталған білім шаңырағы. Мұнда физика, химия, биология кабинеттері озық оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Оқушылардың жан-жақты дамуына арналған STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, компьютерлік кабинеттер, спорт залы, шеберлік және зертхана бөлмелері, демалыс аймақтары, акт залы мен асхана қарастырылған.Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке блоктарда білім алады. Мектептің материалдық-техникалық базасы мен қауіпсіздік жүйесі толықтай қазіргі талаптарға сәйкес келеді.
Бұл бастама аудандағы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Жаңа білім ордасы – ел ертеңі саналатын жас ұрпақтың сапалы білім алуына берілген зор мүмкіндік.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі