Сарыағаш ауданына қарасты Қабланбек ауылдық округінің орталық стадионында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімі және жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев жиналған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, ел бірлігі мен берекесінің арта беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар, ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы да сөз алып, тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Іс-шара барысында ұлттық нақышта безендірілген ақ үйлер тігіліп, қазақтың салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, жастар арасында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Одан бөлек, концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздар әсем ән мен күйден шашу шашты. Сондай-ақ, өнер жұлдызы Асан Пердешев ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі