Түркістан облысында аудан және қала әкімдіктері мен басқармаларының қызметін бағалауға арналған рейтингтік жүйе енгізілген. Аталған жүйе аясында әрбір мекемеге нақты индикаторлар белгіленіп, олардың орындалу барысы тоқсан сайын сараланып, жүйелі түрде талқыланып келеді.
Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, онда ауданның 2026 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жан-жақты қаралды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі мемлекеттік мекемелер мен бөлім басшыларына бекітілген индикаторлардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін межеленген көрсеткіштерге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.
– Бекітілген индикаторларға толық қол жеткізуге болады. Әрбір көрсеткіштің орындалуын тұрақты бақылауға алып, алдағы уақытта кемшіліктерге жол бермеу қажет, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Азамат Мұратов 2026 жылдың І тоқсанындағы жоспардың орындалу барысын баяндады.
Мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы тұрақты түрде қатаң бақылауда болатындығы атап өтілді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі