Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жариялап, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын бастаған болатын. Осыған орай Сарыағаш ауданында аталған акция жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Ауданға қарасты Бағыс елді мекенінде табиғатты қорғауға бағытталған кең көлемді экологиялық іс-шара өтті. Акцияға аудан әкімі Арман Абдуллаев бастаған аймақ басшылығы, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, ортақ іске белсене атсалысты.
Іс-шара барысында республикалық маңызы бар магистралды канал тазартылып, оның айналасы абаттандырылды. Бағыс елді мекеніндегі каналды тазарту жұмыстарына 3 техника жұмылдырылып, 300-ден астам адам қатысты.
Айта кетсек, бұл күні экологиялық акция ауданның барлық елді мекендерінде бір мезетте ұйымдастырылып, оған 2 мыңнан астам адам қатысты. Жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асатын арық-атыздар тазаланып, жұмысқа 12 техника тартылды.
«Мөлдір бұлақ» акциясы – тек табиғатты қорғау шарасы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру және қоғамның экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен жүзеге асырыла беретіні сөзсіз.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі