
Бүгін Сарыағаш қаласындағы орталық атшабарда Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне арналған кең көлемді спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Атаулы шара ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, оларды кеңінен насихаттау және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Сайыстар барысында қазақтың дәстүрлі спорт түрлері — теңге ілу, аударыспақ, тоғызқұмалақ, жамбы ату, ләңге тебу және асық ату бойынша тартысты бәсекелер өтті. Қатысушылар өз шеберліктерін шыңдап, ептілік пен мергендік, күш пен төзімділік сияқты қасиеттерін көрсетті.
Жарысқа қатысқан спортшылар ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарын танытып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әсіресе, ат спорты түрлері көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, сайыстың көркін қыздырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ұлттық рухты көтеріп, дәстүрлі спортты жаңғыртуға бағытталған бұл шара тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Наурыз мерекесінің мазмұнын айшықтай түсті.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі