САРЫАҒАШ: ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!

САРЫАҒАШ: ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!

 

 

22 наурыз — Ұлыстың ұлы күніне орай Сарыағаш қаласындағы Төле би алаңында «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Айтулы күнге орай алаңға әсем киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта безендірілген көріністер мерекенің ажарын аша түсті. Терең тарихтан тамыр тартқан әз-Наурыз — қашанда елдіктің еңсесін көтеріп, бірліктің берекесін арттыратын, ырыс пен ынтымақты дәріптейтін ұлық мереке.

 

Бұл күні аудан тұрғындары мен қонақтары Ұлыстың ұлы күнін ерекше шаттықпен қарсы алып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған думанды шараның куәсі болды. Мерекелік жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

 

Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде ол еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңдердің бірі — жаңа Ата Заңымыздың қабылдануын ерекше атап өтіп, бұл құжаттың ел дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, елдің бірлігі мен татулығының арта беруіне тілектестік білдірді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттап, олардың еңбегін ерекше атап өтті. Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы да жұртшылыққа ақжарма тілегін жеткізді.

 

Мерекелік бағдарлама аясында қазақтың бай мәдени мұрасын айшықтайтын сахналық қойылымдар, ұлттық ойындар мен өнер көрсетілімдері көпшілік назарына ұсынылды. Табиғаттың жаңаруы мен Жер-Ананың оянуын бейнелейтін көркем композициялар көрермен көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлады.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі