Туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті әрі туған өлкеге деген қамқорлықтың көрінісі. Қоршаған ортаның экологиялық тазалығын қамту мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында сенбілік жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Кезекті жалпыхалықтық сенбілікке Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсене атсалысып, аудан көлемінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шара сағат 10:00-де басталып, бірқатар аумақтарды қамтыды.
Сенбілік барысында Сарыағаш қаласы мен ауданға қарасты ауылдық округтердің ішкі көшелерінде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, көшелер бойындағы күл-қоқыстар жиналып, арық-атыздар тазартылды. Арнайы техникалардың тартылуы атқарылған жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар көктемгі ағаш отырғызу жұмыстары да жалғасын тапты. Сондай-ақ Сарыағаш қаласы арқылы өтетін теміржол маңындағы аумақтарда да тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтар толықтай жиналып, арнайы техникалардың көмегімен шығарылды. Бұдан бөлек, аумақтарды ретке келтіру, қоқыстарды сұрыптау және қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сенбілік барысында аудан әкімі қала аумағындағы тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыру және санитарлық жағдайды жақсарту бойынша Сарыағаш қаласының әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар атқарылған жұмыстардың сапалы орындалуын бақылау мақсатында жауапты орынбасарларына қадағалау жүргізуді тапсырды.
Аудан тұрғындарын туған жердің тазалығын сақтауға және экологиялық бастамаларды қолдауға белсенді түрде атсалысуға шақырамыз!
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі