Көктемнің көрікті мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сарыағаш ауданы әкімдігінде салтанатты мерекелік қабылдау өтті. Аудан әкімі Арман Абдуллаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.
Мерекелік қабылдауға еңбек ардагерлері, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қызметкер әйелдер, өз ісінің үздіктері, демографияның дамуына үлес қосып жүрген көпбалалы аналар мен ақжаулықты әжелер қатысты. Салтанатты басқосу әйел-аналардың қоғамдағы орны мен еңбегін дәріптеп, оларға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі жиналған қауымды көктем мерекесімен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы рөлі мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы маңызын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде аналардың мейірімі мен қамқорлығы, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі қоғам үшін аса маңызды екенін айтып, барша нәзік жандыларға зор денсаулық, отбастарына амандық пен береке тіледі.
Мерекелік жиында көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, мемлекеттік награда – “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлерінің марапаттары дәл осы мереке қарсаңымен тұспа-тұс келіп, салтанатты қабылдау барысында табысталды. Бұл – аналардың қоғам алдындағы еңбегіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі болды. Сонымен қатар, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар әйелдерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар ұсынылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары аналарға арналған әсем әндерін орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер иелері өздерінің жүрекжарды мерекелік арнауларын жолдап, аналарға деген құрмет пен ықыласты өнер арқылы жеткізді.
Қабылдау соңында ерекше құрметке бөленген аналар мен қонақтар аудан басшылығына көрсетілген ілтипат пен сый-құрмет үшін алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі