САРЫАҒАШ: «АНА – ӨМІРДІҢ ШУАҒЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

САРЫАҒАШ: «АНА – ӨМІРДІҢ ШУАҒЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

 

 

 

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Сарыағаш ауданы мәдениет үйінде нәзікжандыларға арналған «Ана – өмірдің шуағы» атты салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кешке ауданның ардақты аналары, қыз-келіншектері, түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді әйел азаматтар қатысып, ерекше құрметке бөленді.

Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында өткен салтанатты шара мейірімділік пен сұлулықтың, даналық пен рухани күштің символына айналған әйел-аналардың қоғамдағы ерекше орнын айшықтай түсті. Мерекелік концерт барысында көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әсерлі әндер шырқалып, тағылымды сахналық қойылымдар ұсынылды. Өнерпаздардың орындауындағы әрбір туынды асыл ана, адал жар, аяулы әпке-қарындас бейнесін дәріптеп, әйел затының қадір-қасиетін насихаттауға арналды.

 

 

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Арман Абдуллаев әйелдер қауымын көктем мерекесімен құттықтап, қоғамның әр саласында адал еңбегімен және белсенділігімен танылып жүрген бірқатар азаматшаларды Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетіліп, олардың отбасы мен қоғам алдындағы еңбегі жоғары бағаланды.

Мерекелік жиын барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жандылар Нұралхан Көшеров атынан табысталған Алғыс хаттармен және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

 

 

Салтанатты шара барысында құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін ерекше атап өтіп, олардың ел дамуына қосып жүрген үлесіне тоқталды. Сонымен қатар, бірқатар нәзік жандыларды марапаттап, мерекелік лебізін жеткізді. Сондай-ақ жиында аудан прокуроры Мақсат Мошқалов сөз алып, әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, аналардың отбасы мен қоғам өміріндегі маңыздылығын ерекше атап өтті.

 

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі