Көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев ғасыр жасап, өнегелі ғұмыр кешкен аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Аудан басшысы батыр аналарға құрмет көрсетіп, олардың хал-жағдайын сұрап, мерекеге орай сый-сияпаттар табыстады.
Алдымен аудан әкімі Нұрлы жол ауылы тұрғыны, 106 жастағы Жадыра Төлегенқызы әжейдің шаңырағына барды. Ғасыр жасаған ана өмірінде талай қиын кезеңдерді бастан өткерген. Ашаршылық жылдарының ауыртпалығын көріп, соғыс жылдарында колхозда еңбек еткен. Ол өмірге 4 қыз, 3 ұл әкеліп, үлкен әулеттің негізін қалаған. Бүгінде батыр ананың 35 немересі, 83 шөбересі және 10 шөпшегі бар.
Одан кейін аудан басшысы Сарыағаш қаласы тұрғыны, 98 жастағы Сәттігүл Карабаева әжейдің шаңырағына барып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Сәттігүл апа 4 баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 14 немере, 30 шөбере және 3 шөпшек сүйіп отырған үлкен әулеттің ардақты анасы.
Сондай-ақ аудан әкімі Қанағат елді мекені тұрғыны Күлсім Мусабекова әжейге де арнайы барып, құрмет көрсетті. Ол отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұрпақтарынан 19 немере мен 68 шөбере тараған. Еңбек жолын Сарыағаш ауданындағы «Коммунизм» колхозында қарапайым жұмысшы ретінде бастап, ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен.
Өз кезегінде батыр аналар арнайы құттықтап келген аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, жастық шақтағы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар ауданның дамуына бағытталған игі бастамаларға сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі