Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселенің заңға сәйкес кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы мәслихаттың жыл бойы атқарған жұмыстары, қабылданған шешімдері мен алдағы міндеттері жөнінде баяндады.
2025 жылы Құрама елді мекенінде заманауи спорт кешені бой көтеріп, пайдалануға берілді. Балаларға арналған ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары іске қосылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Төңкеріс елді мекенінде дәрігерлік амбулатория ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Сондай-ақ, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС инвест жобасы аясында Төңкеріс және Бостандық елді мекендері сапалы электр қуатымен толық қамтамасыз етілді. Құрама елді мекендерде Ынтымақ және басқа да елді мекендерде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.
Әлеуметтік салада да бірқатар жұмыстар атқарылды. Білім беру саласында №76 және №21 «Яссауи» жалпы орта мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол картасына енгізілген 2025 жылғы негізгі жұмыстар аясында Төңкеріс елді мекенінде 5 көшеге электр желілері тартылып (жалпы ұзындығы – 7,655 км), трансформатор орнатылды, ал жеке инвестор есебінен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Құрама елді мекенінде 6 көшеге электр желілері (26,4 км) тартылып, трансформатор орнатылды, Жамбыл көшесіне 5,9 км жаңа электр бағаналары орнатылып, көшелерге шағал төсеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ 4 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт төселді. Достық елді мекенінде ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Ынтымақ елді мекенінде 9 көшеге электр желілері тартылып, трансформатор орнатылды. Бостандық елді мекенінде 12 көшеге электр желілері (40,18 км) тартылып, трансформатор орнатылды. Округ аумағында 5 км ұзындығындағы шағын каналдар мен 2 км қашыртқылар механикалық тазалаудан өтті.
2026 жылы жол картасына енгізілген жоспарлар бойынша жүйелі жұмыстар жалғасады. Достық елді мекенінде 23 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт төселеді. Ынтымақ елді мекенінде 5 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 9 көшеге электр желілері мен трансформатор орнатылады. Бостандық елді мекенінде 7 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт төселеді, округ аумағындағы 17,5 км каналдар мен қашыртқылар механикалық тазалаудан өтеді, сондай-ақ елді мекенде дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары басталады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі