САРЫАҒАШ: КӨКТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕРДІ ЖЕТІЛДІРУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ІС-ШАРАЛАР АТҚАРЫЛДЫ

САРЫАҒАШ: КӨКТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕРДІ ЖЕТІЛДІРУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ІС-ШАРАЛАР АТҚАРЫЛДЫ

 

 

Сарыағаш ауданының  әкімі  Арман Абдуллаев Көктерек ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Жиын барысында ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, инфрақұрылымды жаңғырту, инженерлік желілерді жетілдіру және елді мекендердің тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, 2026 жылға жоспарланған басым жобалар таныстырылды.

 

Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берілді. Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселе назарға алынатынын атап өтіп, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жиыннан кейін азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.

 

2025 жылы  Көктерек ауылдық округінде  инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілді. Атап айтқанда, Көктерек кентіне қарасты  Жасқанат, Д.Қонаев, Бірлік, Тұран, Самал, Көктерек, Түркістан, Ұлытау, Жібек жолы, Береке, Отырар, Бәйтерек және Керуен көшелеріне жалпы ұзындығы 32,6 шақырым ауыз су құбыры тартылды. Магистралды ауыз су желісінің 23 шақырымын жүргізу жұмыстары келесі жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады. Аталған көшелерді табиғи газбен қамту мақсатында жер үсті және жер асты газ құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Электр желілерін жаңарту аясында 165 дана электр бағанасы орнатылып, трансформаторлық қондырғылар іске қосылды. Кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілуде. Демеушілердің қолдауымен 3 дана су айдау насостары жаңартылды. Санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында Н.Жұматаев көшесіне қоқыс контейнерлері орнатылды. М.Әуезов, С.Бостанов және Ә.Молдағұлова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабыны төселді. Кентті сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жобасы толық аяқталып, пайдалануға берілді.

 

Дархан елді мекенінде әлеуметтік нысандар мен жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды.

Нақтырақ, кіші футбол алаңшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатар көшелерге жарықшамдар орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ж.Жабаев көшесіндегі көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Абай, М.Мәметова, Жаңақұрылыс және Ә.Мұсаев көшелеріне орташа жөндеу жасалып, жолдарға асфальт жабыны төселді. Жалпы ұзындығы 8,7 шақырым қашыртқылар механикалық тәсілмен тазартылды.

 

Биыл  Көктерек елді мекенінде кәріз желілерінің құрылысын аяқтау, ауыз су жүйесін жетілдіру, 13 көшені табиғи газбен қамту және электр желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бірқатар көшелерге аяқжол салу, балалар және спорт алаңшаларын орнату көзделген. Дархан елді мекенінде Ә.Мұсаев көшесіне аллея салу, Қ.Қилыбаев көшесіне балалар ойын алаңшасын орнату, қашыртқыларды тазалау және фельдшерлік-амбулаториялық пунктінің құрылысын бастау жоспарлануда.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі