Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді. Ашық форматта өткен жүздесу барысында 2025 жылы жүзеге асырылған жобалар мен биылға жоспарланған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.
2025 жылы ауданға қарасты елді мекендерді ауыз сумен қамту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді..
Табиғи газбен қамту саласында да нәтижелі жобалар іске асырылды. Ердәуіт (51-разъезд) және Сарысу елді мекенінің 65 тұрғын үйіне табиғи газ тарту құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жастар көшесі мен Шұғыла көшесінің бойында сонымен қатар, Тасқұдық елді мекенінде де жаңа балалар ойын алаңшалары салынып, ел игілігіне тапсырылды
Инфрақұрылымды жақсарту бағытында Дарбаза ауылдық округінің ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Дарбаза елді мекеніндегі Ш.Берсиев, Ш.Қалдаяқов, С.Ерубаев, А.Оразбаев және Амангелді көшелері орта жөндеуден өтті. Жамбыл Т.Тоқтаров көшелеріне тас төселді. Сонымен қатар, Ш.Қалдаяқов және Б.Момышұлы көшелеріндегі көлемі 50 және 70 мм ауыз су құбырлары 110 мм құбырға ауыстырылды.
Көгалдандыру жұмыстары аясында Бейбітшілік және Б.Момышұлы көшелеріне 835 түп ағаш көшеті отырғызылып, оларды суғару және қоршау жұмыстары жүргізілді. «Мәдени объектілерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Дарбаза мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2026 жылға бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, Тасқұдық, Құрысай және Сарысу елді мекендеріне газ құбырын тартуға республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржы қаралған. Сонымен бірге, Дарбаза, Тасқұдық, Құрысай, 51-разъезд және Сарысу елді мекендерінің орталық көшелеріндегі жарық шамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда Құрысай, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерінің ішкі көшелерін табиғи газбен қамту құрылысы жүргізілуде. 2026 жылдың қорытындысы бойынша аудан бойынша 58 елді мекен немесе 92,1 пайызын табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.
Балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатында Дарбаза елді мекенінде 5 балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізу көзделген. Сонымен қатар, Жабай ата, Қойгелді және Құрманғазы көшелерінде балалар ойын алаңдарын салу, ал Жабай ата көшесіне воркаут алаңын орнату жоспарлануда.
Дарбаза елді мекеніндегі Г.Мұратбаев, З.Мырзалиев, Ж.Бүркүлов, И.Сейтбеков және А.Жангелдин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Т.Әубакиров және Жұлдыз көшелеріне ағымдағы (шағал тас төсеу) жөндеу жұмыстары қарастырылған. 51-разъезд елді мекеніндегі Жұлдыз көшесінде және Құрысай елді мекеніндегі Ынтымақ көшесінде балалар ойын алаңшаларын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, Дарбаза, Құрысай және Тасқұдық елді мекендерінде жасыл желектерді қоршау жұмыстары жүргізілетін болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі