
Елімізде 2026 жылғы 9 ақпан – 10 наурыз аралығында «Әйелге құрмет – қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші» ұранымен некеге мәжбүрлеу, сталкинг және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылық түрлерінің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда нөлдік төзімділік қалыптастыру мақсатында ақпараттық науқан өткізілуде. Әйелге құрмет – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Заң мен тәртіпке бағыну, адам құқықтарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Осы мақсатта Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округі және Сарыағаш қаласында Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы ауыл тұрғындары және жастармен кездесті.
Кездесу барысында сталкинг, қыз алып қашу, некеге мәжбүрлеу сияқты өзекті мәселелер кеңінен қозғалып, бұл әрекеттердің заңға қайшы екені және адам құқықтарына өрескел зиян келтіретіні атап өтілді. Сонымен қатар, қоғамда осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін әр азаматтың жауапкершілігі туралы айтылды.
Оразкүл Асанғазықызы өз сөзінде гендерлік саясатты ілгерілетудің маңыздылығына тоқталып, жастарды заңды құрметтеуге, адам құқығын қорғауға және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне бей-жай қарамауға шақырды. Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарына жауап алды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі