Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаевтың тұрғындармен кезекті кездесуі Жылға ауылдық округінде өтті. Жиын барысында аудан басшысы тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер негізінде арнайы әзірленген жол картасына сәйкес 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен орындалу барысы туралы кеңінен баяндады. Кездесу еркін форматта ұйымдастырылып, тұрғындар ауылдық округтің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
2025 жылы Жылға ауылдық округінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, Жылға, Қарақалпақ және Шайхана елді мекендерінде табиғи газ желісінің құрылысы жүргізіліп, нысан толықтай пайдалануға берілді. Нәтижесінде тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізді.
Шеңгелді елді мекенінде жаңа электр желісі тартылып, 6 дана трансформатор орнатылды. Бұл өз кезегінде электр қуатының сапасын арттыруға және жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар елді мекенде ауыз судың ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Мырзахметқажы көшесіне 280 метр асфальт жабындысы төселді. 75 орындық ауылдық клубтың құрылысы басталып, нысанды ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Шымырбай елді мекенінде Тәуелсіздік көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ішкі ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу үшін «DanAi group» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті қаржыландыруға ұсынылды.
Шайхана елді мекенінде медициналық пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жергілікті жерде алуға мүмкіндік жасады.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, Жылға елді мекеніндегі Х.Қойшығұлов көшесін жарықтандыру көзделген. Шеңгелді елді мекенінде Жылға елді мекенінен 10 кВт электр желісін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысына ұсынылды. Сонымен қатар 75 орындық ауылдық клубтың құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру және Сапар Датқа көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда.
Шымырбай елді мекенінде А.Есқожаев көшесін жарықтандыру және таза ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары қолға алынбақ. Қарақалпақ елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр, сметалық құжаттамасы дайын. Шайхана елді мекенінде Т.Бокин және С.Танменов көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі