Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев Әлімтау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды.
Жиын алдында аудан басшысы азаматтарды жеке қабылдап, өтініш-тілектеріне заң аясында жауап берді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер жүйеленіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімінің атқарған жұмыстарына алғыс білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Шермат Ибрагимов мәслихаттың жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, қабылданған шешімдер мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Тұрғындар өтініштері негізінде бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Әлімтау елді мекенінде балаларға арналған ойын-сауық алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар жеке инвестор есебінен бой көтерген ашық футбол алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тасқұдық елді мекені орталықтандырылған таза ауызсумен толық қамтамасыз етілді. 2025 жылы «Кселл» ұялы байланыс операторы тарапынан жоғары жылдамдықтағы байланыс антеннасы орнатылып, қараша айында іске қосылды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сапалы байланыс қызметін пайдалануына мүмкіндік берді. Көктал елді мекенінде 300 гектар шартты суармалы жерді айналымға енгізу мақсатында 15 шақырым электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мердігері – «AGN Group Company» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, Әлімтау, Тасқұдық, Жайдаққұдық және Жылға ауылдық округіне қарасты Қызыласу елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында тиімді тетіктер қарастырылуда. Аталған жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан әзірленуде. Сондай-ақ Әлімтау елді мекеніндегі М.Мәметова, С.Сейфуллин және Ә.Молдағұлова көшелеріне асфальт жабындысын төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындау жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – жаңа дәрігерлік амбулатория салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осы бағытта аудандық орталық аурухана тарапынан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салалық басқармаға ұсыныс жолданды. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауыл халқы сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтылатын болады. Тасқұдық елді мекені мен Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Байтоғай елді мекені арасына шағал жол салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімдеріне мемлекеттік актілерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Әл-Фараби және А.Байтұрсынұлы көшелеріне асфальт жабындысын төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, балалар ойын алаңшасын салу және елді мекендегі электр бағаналарын кезең-кезеңімен жаңарту көзделген. «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің инвестициялық жоспарына сәйкес жаңғырту жұмыстары 2027 жылға жоспарланған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі