ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛМЕК

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛМЕК

 

 

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесуде өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және институционалдық ортаны жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

 

 

– Өңірде 215 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс жасауда. Бұл көрсеткіш бойынша республикада көшбасшылардың біріміз. Кәсіпкерлік саласы өңірдегі жұмыспен қамту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы. Бүгінгі таңда біздің алдымызда экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін ұлғайту, қайта өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер тұр. Өңірде кәсіпкерлік субъектілерді қолдау мақсатында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Біз кәсіпкерлердің қаржысын және уақытын үнемдеу мақсатында шағын өндірістік парктер жобасын қолға алдық. Кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу арқылы ұсынылады. Түркістан облысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен жүйелі өзара іс-қимылымызды күшейтуіміз қажет. Алдағы уақытта отандық бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және қолайлы іскерлік ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп атқаратынымызға сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

 

 

Кездесу барысында Қанат Шарлапаев Түркістан облысының экономикалық әлеуетін ерекше атап өтіп, өңір бизнесін қолдау мүмкіндіктеріне тоқталды.

 

 

– Өңірлерге алғашқы сапарымды Түркістан облысынан бастағаныма қуаныштымын. Бұл – демографиялық әлеуеті жоғары, аграрлық секторы мықты, кәсіпкерлік белсенділігі өсіп келе жатқан аймақ. Елдің экономикалық өсімінің негізгі нүктелерінің біріне айналуға барлық мүмкіндігі бар өңір. Палата нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге белсенді қатысып, рәсімдерді жеңілдету және өңірлік бизнестің мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізуде. Ережелер өндіріс пен өңдеуді қиындатпай, керісінше ынталандыруы тиіс. Егер қандай да бір норма дамуға кедергі келтірсе, оны өзгерту қажет. Палата бұл бағытта белсенді серіктес бола алады, – деген Қанат Шарлапаев Палата проблемаларды тіркеумен ғана шектелмей, оларды жүйелі шешуге көшкенін айтты.

 

 

Жер мәселесі, инфрақұрылым, инженерлік желілерге қосылу, рұқсат рәсімдері, тексерулер мен қаржыландыруға қолжетімділік – кәсіпкерлер жиі кездесетін кедергілер. Жиында осы бағытта жобаларды бірлесіп сүйемелдеудің нақты әрі түсінікті механизмін қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар Палата цифрлық шешімдерді енгізуді және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруға дайын екені айтылды.

 

 

Кездесуде шағын, орта және ірі бизнеске арналған нақты құралдар да таныстырылды. Шағын бизнес үшін өңірлерде жеңілдетілген қаржыландыру құралы іске қосылған. Мөлшерлеме – 13,2%, қаржыландыру көлемі – 200 млн теңгеге дейін. Жалпы республика бойынша бұл бағытқа шамамен 400 млрд теңге қарастырылған. Қаржы өндіріс пен өңдеу саласына бағытталуы тиіс. Бұл тетік Түркістан облысы үшін өзекті. Себебі өңірде агроөңдеу, құрылыс материалдары өндірісі, тамақ және жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келеді.

 

 

Кездесу соңында әкімдік пен бизнес арасындағы тұрақты әрі мазмұнды диалогтың маңыздылығы атап өтілді. Инвестициялық жобаларды бірлесіп мониторингтеу, инфрақұрылымдық шектеулерді талдау және жүйелі мәселелерді Үкімет деңгейіне жедел шығару бойынша ұсыныстар айтылды. Түркістан облысының әлеуетін толық іске асыру бағытындағы әріптестік алдағы уақытта да жалғасатын болады.

 

 

Айта кетейік, облыста 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриалды аймақ болса, оның 12-сі соңғы екі жылда құрылды. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақта 2 жаңа өнеркәсіптік қосалқы аймағы құрылды. Қазіргі уақытта индустриялық және экономикалық аймақтарда құны 445,4 млрд теңге болатын 126 инвестициялық жоба іске асырылуда. Іске асырылуы 2026-2029 жылдарға жоспарланған 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылды. Аудан, қалаларда 25 өндірістік парк құрылуда. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталған 45 өндірістік ғимаратта 32 жоба іске қосылды. Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы мен өзекті мәселелері апта сайын инвестициялық штабта қаралады. Әкімдік тарапынан әрбір жоба бойынша қажеті сүйемелдеу жұмыстары атқарылуда.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі