Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында бұған дейінгі кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланып, 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары баяндалды.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Шермат Ибрагимов мәслихаттың жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, қабылданған шешімдер мен алдағы міндеттерге тоқталды.
2025 жылы Қызылжар елді мекенінде бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жастар көшесіне 30 дана, Иса Сағынұлы көшесіне 21 дана көше жарық шамдары орнатылды. Ахмет би көшесінің бойынан балалар ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында «Франтавой» қашыртқысынан «47 тармақ» каналына насос арқылы қосымша су жеткізу үшін ұзындығы 1 шақырым, диаметрі 300 мм құбыр тартылып, іске қосылды.
Жаскешу елді мекенінде де жүйелі жұмыстар жүргізілді. Абай көшесіне 38 дана жарық шамы орнатылды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орынға арналған білім беру нысанының құрылысы аяқталып, 2025 жылғы 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес Қызылжар елді мекенінде Тойбек ата көшесінің 550 метр бөлігіне суағар науаларын орнату көзделуде. Облыстық бюджет есебінен Х. Оралов көшесінде жабық спорт алаңшасы салынады. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын Жастар және Ә. Молдағұлова көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысы төселеді.
Жаскешу елді мекенінде ұзындығы 1,5 шақырым болатын Ынтымақ және Серікбай ата көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Б. Майлин көшесінде балалар ойын алаңшасының құрылысы басталады. Бұдан бөлек, округ аумағындағы каналдардың 9,7 шақырымына және қашыртқылардың 14,2 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Қызылжар ауылында жабық футбол манежінің сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі