Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жемісті ауылдық округіне жұмыс сапары барысында Жемісті елді мекенінде орналасқан «Түймебай» шаруа қожалығының қызметімен танысты. Кездесу барысында шаруашылықтың өндірістік әлеуеті мен атқарылып жатқан жұмыстары бойынша ақпарат беріліп, шаруаның еңбегіне оң баға берілді.
Аталған шаруа қожалығының иесі – Бахтияр Қарабаев. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 2 гектарды құрайды. Оның ішінде 0,80 гектар аумақта жылыжай орналасқан. Бүгінде шаруашылықта 40 соттық жерге қызанақ, 40 соттық жерге қияр дақылдары егілген. Нәтижесінде 40 соттық қызанақ алқабынан 65 тонна өнім жиналса, 40 соттық қияр алқабынан 35 тонна өнім алынған. Шаруа қожалығы қызанақтың екі сұрпын өсіріп, нарық сұранысына сай өнім өндіруде.
Кәсіпкер заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану арқылы өнім көлемін арттырып, сапалы көкөніс өнімдерін ішкі нарыққа ұсынуда. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізіп отыр.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі