САРЫАҒАШ: ЖЕМІСТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

САРЫАҒАШ: ЖЕМІСТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

 

 

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жемісті ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүзеге асырылған жобалар кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, алдағы кезеңде іске асырылатын жұмыстардың басым бағыттары айқындалды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар назарға алынып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

 

Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Шермат Ибрагимов мәслихаттың жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, қабылданған шешімдер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

 

Жемісті ауылдық округінде бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жемісті елді мекеніндегі Б.Момышұлы көшесінде ұзындығы 0,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Құрманғазы көшесінде 0,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізіліп, 12 дана жарықтандыру бағанасы орнатылды. Сонымен қатар, Т.Төлендіұлы, Б.Момышұлы, Жамбыл, Бейбітшілік, А.Аппазов және Ақниет көшелеріндегі тозығы жеткен 42 жарық шамы жаңартылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елді мекеннің келбетін жақсартуға бағытталған.

 

Тың елді мекенінде де жүйелі жұмыстар атқарылды. Ақбастау көшесінің 2,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жамылғысы төселді. Сонымен қатар, Бірлік көшесінде шағын стадион мен балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, 2025 жылдың қараша айында пайдалануға берілді. Аталған нысандар ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.

 

Ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Жемісті ауылдық округінде инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Атап айтқанда, Жемісті елді мекеніндегі Б.Момышұлы көшесінің бойында шағын стадион мен балалар ойын алаңшасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ ауылдық округ аумағындағы көше жарықтандыру жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

Тың елді мекенінде С.Мұқанов, М.Әуезов және Т.Рысқұлов көшелеріне жарықтандыру шамдарын орнату, сондай-ақ округ аумағында орналасқан каналдардың 7 шақырым бөлігін және қашыртқылардың 7,2 шақырым аумағын механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетін болады.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі