Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға аудан прокуроры Мақсат Мошқалов, аудандық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Бекболат Джигитов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының Сарыағаш газ шаруашылығы бөлімі, сондай-ақ «Қарабастау-Строй» ЖШС директоры Бағдат Төлемісов қатысты.
Кездесу барысында Қызылжар ауылдық округіне қарасты бірқатар тұрғын үйлердің газ жүйесіне заңсыз қосылуына байланысты туындаған мәселелер айтылды. Аталған заң бұзушылықтар салдарынан қызмет көрсетуші мекеме — «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ тарапынан тұрғындарға айыппұл салынып, кейбір азаматтардың есепшоттары бұғатталған. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес полиция басқармасы тарапынан тұрғындардың арыздары негізінде тергеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, кейбір тұрғындар арыздарын қайта қайтарып алған жағдайлар да орын алған.
Сала басшылары ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, мәселені заң аясында шешу жолдарын талқылады.
- Бұл даудың соңғы нүктесін сот қояды. Аталған мәселе менің тікелей бақылауымда болады, – деп атап өтті Арман Абдуллаев.
Сондай-ақ, аудан басшысы әрбір тұрғынға салынған айыппұл мөлшерінің Қазақстан Республикасының қай заңнамалық нормаларына сәйкес есептелгенін жан-жақты зерделеуді тапсырды. Қызылжар ауылдық округінің әкіміне «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының Сарыағаш газ шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, нақты тізім жасауды жүктеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бұл мәселені толық қадағалауға алу міндеттелді. Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары М. Байгабуловқа жүктелді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі