Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аппарат басшысы, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.Күн тәртібінде аудан үшін маңызды екі өзекті мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе - ауданда жұмыспен қамту шараларының іске асырылу барысы және атаулы әлеуметтік көмектің көрсетілуі туралы болды. Бұл бағытта Мансап орталығының директоры Ақмарал Әуезова баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы және дәрі-дәрмекпен қамту бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бекзат Сланов баяндама жасады.
– Әрбір отбасы тұрақты табыспен қамтылуы тиіс. Бұл – біздің басты міндетіміз. Осы бағытта барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет. Сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі қатаң бақылауда болуы керек, – деді Арман Абдуллаев.
Жиын барысында аудан әкімі халықты жұмыспен қамту мәселесінің маңыздылығын ерекше атап өтіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ашық вакансиялар бойынша түсіндіру және насихаттау жұмыстарын күшейту, ауылдық округ әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізу, жұмыссыз азаматтарды нақты жұмыс орындарына бағыттау тапсырылды.
Денсаулық сақтау саласында халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетудің маңызын атап өтіп, 2026 жылға жоспарланған медициналық нысандардың құрылысын уақтылы бастау жөнінде сала басшыларына, аудан әкімінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша берілген барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Аудан әкімі тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын қатаң ескертті.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі