2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыспен күрес бағытында жүйелі жұмыстар атқарды.
Аталған жұмыстардың нәтижелері туралы Сарыағаш аудандық полиция басқармасының бастығы Есенғали Бейсебаев аудан тұрғындарымен өткен жиында баяндады. Жиынға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокурорының орынбасары Нұркен Ағабеков, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.
Жиын барысында аудан тұрғындары тарапынан жол бойына бейнебақылау камераларын орнату, мал ұрлығының алдын алу мәселелері көтеріліп, жауапты тұлғалар тарапынан тиісті түсіндірмелер берілді. Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев сөз сөйлеп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
-Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады. Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесіне жауапты. Сондықтан біз “мен” емес, “біз” деген ұстаныммен бірлесе әрекет еткенде ғана қылмыстың алдын ала аламыз. Заң мен тәртіп – тұрақты дамудың және қауіпсіз қоғамның басты кепілі, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар Арман Абдуллаев тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер назардан тыс қалмайтынын айтып, қылмыстың алдын алу және болдырмау бағытындаңы жұмыстарды күшейту жөнінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, бірқатар полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.
Полиция басқармасының бастығы дәмханалар мен ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын қайта қарау жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты аудан әкімі аудандық мәслихатпен бірлесіп қарау қажеттігін жеткізді. Жиын қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Баяндама барысында есепті кезеңде аудан аумағында тіркелген құқық бұзушылықтар саны 1022-ден 619-ға дейін төмендеп, 39,4 пайызға азайғаны айтылды. Жалпы қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 31,6 пайызға қысқарып, қылмыстардың ашылу деңгейі 76,2 пайызды құрады. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 16,8 пайызға төмендеп, аса ауыр қылмыстар 76,9 пайызға азайған. Кісі өлтіру, тонау және ауыр дене жарақатын салу қылмыстары бойынша ашылу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Пәтер ұрлығы 42,9 пайызға төмендеп, аталған санаттағы қылмыстардың ашылымы толық қамтамасыз етілді.
Интернет-алаяқтық қылмыстарының саны төмендегенімен, бұл бағыттағы қауіп әлі де өзекті болып отыр. Осыған байланысты тұрғындарға жеке деректерін, банк карталарының нөмірлері мен құпия кодтарын бөгде тұлғаларға бермеу жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында 93 дерек анықталып, барлық фактілер бойынша қылмыстар толық ашылды. Жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Түнгі қаладағы балалар» және өзге де жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде 31 002 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылды.Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 420 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Көші-қон саласында 11 565 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынып, көші-қон заңнамасын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
2026 жылдың Балалар жылы болып жариялануына байланысты «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық кепілі» қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы аудан аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқаруда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі