Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Аталған жұмыстар аясында ауданға қарасты Жылға ауылдық округіндегі Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерінің тұрғын үйлері табиғи газға қосылды. Осы игі шараға орай аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Жәнібек Сүлейменов, Уалихан Рахиев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және жауапты сала өкілдері елді мекендерге арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ауыл ақсақалдары елдің амандығын тілеп, ақ баталарын берді. Аудан әкімі ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтап:
– Қазіргі таңда шалғай елді мекендерді электр энергиясымен, табиғи газбен және ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, – деп атап өтті.
Айта кетсек, Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана және Қарақалпақ елді мекендерін газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, 2026 жылдың қаңтар айында толық аяқталды. Қарақалпақ елді мекенінде құрылыс жұмыстарын «Бақ-Ерке строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал Шайхана елді мекенінде «Ынтымақ-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Нәтижесінде екі елді мекенде 207 абонент табиғи газға қосылды.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданына қарасты 63 елді мекеннің 55-і табиғи газбен қамтылып, бұл жалпы көрсеткіштің 87,3 пайызын құрап отыр. Сонымен қатар, 3 елді мекенде газбен қамту бағытында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал 5 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Аталған жобалардың тапсырыс берушісі – «Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі