Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Қабылдауға алдын ала жазылған 21 тұрғын өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, көшелерге атау беру, Сарыағаш қаласындағы қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесі, тұрғын үйге қатысты мәселелер және басқа да жеке сипаттағы сұрақтары бойынша өтініштерін білдірді.
Аудан әкімі әрбір айтылған мәселені мұқият тыңдап, оларды қолданыстағы заңнама аясында шешу жолдарын қарастырудың маңыздылығын атап өтті.
–Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды, алайда барлық мәселе заң талаптарына сәйкес шешілуі тиіс, – деді аудан басшысы.
Барлық өтініштерге нақты түсіндірмелер беріліп, бірқатар мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Қосымша зерделеуді қажет ететін сұрақтар аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, жауапты бөлім басшыларына, сондай-ақ қала және ауылдық округ әкімдеріне заң аясында нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетсек, Сарыағаш ауданы әкімінің жеке қабылдауына жазылу аудан әкімі аппаратының жалпы және әкімшілік бөлімі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, egov.kz порталы, е-Өтініш бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп, жазбаша өтініш қалдыру арқылы да тіркелуге болады. Қосымша ақпарат үшін: +7 (725 37) 7-97-13
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі