Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің экономикасы сыртқы сауда мен инвестицияға әрдайым ашық екенін атап өтіп, инвестиция тарту жұмысын жүйелі түрде жүргізу Үкімет алдында тұрған басты міндеттердің бірі екенін ерекше атап өткен болатын.
Осы мақсатта бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауданға инвестиция тарту бағытында «СтройМобайл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілімен кездесті.
Кездесу барысында кәсіпкер Сарыағаш ауданы аумағында асфальт зауытын ашу жобасын жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Жобаның жалпы құны шамамен 700 миллион теңгені құрайды. Аталған серіктестіктің қазіргі таңда Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған өндіріс орны бар. Ендігі кезекте Сарыағаш ауданында жаңа өндіріс орнын ашу жоспарлануда. Кәсіпкердің айтуынша, зауыт заманауи технологиялар мен әдістерді қолдана отырып жұмыс істейді және қоршаған ортаға зиян келтірмейді.
Аудан әкімі жауапты аудан әкімінің орынбасарына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысына жобаны жан-жақты сүйемелдеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген мерзімде баяндауды тапсырды. Сонымен қатар, Дарбаза индустриялық аймағынан жер телімін таныстыру және зерделеу жұмыстарын жүргізуді жер қатынастары бөліміне міндеттеді.
Айта кетсек, ауданға инвесторлардың тартылуы және жаңа өндіріс нысандарының ашылуы аудан бюджетінің артуына оң ықпал етеді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы арқылы жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық мәселесінің азаюына өз үлесін қосады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі