Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өтіп, балалар мен жастарға сапалы әрі тағылымды тәрбие берудің маңыздылығын үнемі назарда ұстап келеді. Осы бағытта Сарыағаш ауданында мемлекет қолдауымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – Сарыағаш қаласының аумағында салынып жатқан жаңа буынды дамыту орталығы. Балалар мен жастардың жан-жақты дамуына бағытталған көпфункционалды орталық, яғни оқушылар сарайы бір мезгілде 600 адамды қабылдауға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның құрылыс барысымен танысты. Аймақ басшысы мердігер мекеме өкілімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынына ерекше назар аударды. Нысанның балалар мен жастар игілігі үшін салынып жатқанын атап өтіп, оның берік әрі сапалы болуы басты талап екенін ескертті. Сонымен қатар, мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде, сапалы әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды.
Бүгінгі таңда, нысанда екінші қабаттың ішкі қабырғаларын қалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 32 жұмысшы еңбек етуде, сондай-ақ 3 арнайы техника тартылған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші мекеме – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы».
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі