САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ «КАВЕНДИШ» БАНАН СҰРПЫ ӨСІРІЛУДЕ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ «КАВЕНДИШ» БАНАН СҰРПЫ ӨСІРІЛУДЕ
 
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіндегі жылыжай шаруашылығының тынысымен танысып, экзотикалық жемістер өсірумен айналысып отырған жергілікті кәсіпкердің еңбегіне жоғары баға берді.Сонымен қатар, аталған бастаманың өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беретінін атап өтті. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жергілікті нарыққа ұсынуды қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.
 
Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтамақ елді мекенінде бүгінде әлемдегі ең танымал банан сұрпы – «Кавендиш» мәуізі пісіп-жетіліп тұр. Экзотикалық жеміс егілген жылыжай аумағы 10 соттық жерді қамтиды. Банан көшеттерін жергілікті кәсіпкер Шамс Тұрсынбаев 2019 жылы Түркия елінен арнайы алдыртып, Сарыағаш өңірінің табиғи ерекшелігіне бейімдеген.
 
Шамс Тұрсынбаев жылыжай шаруашылығымен 1995 жылдан бері айналысып келеді. Ұзақ жылдар бойы қызанақ, қияр секілді көкөніс өнімдерін өндіріп келген кәсіпкер 2019 жылдан бастап тропикалық жемістерді өсіруге басымдық берген. Алғашқы кезеңде банан өсімдігі бірден жерсіне қоймағанымен, жүйелі күтім мен қолайлы жағдайдың нәтижесінде бүгінде толықтай бейімделген. Жапырақтарының биіктігі 3 метрге, ал сабағының биіктігі 10 метрге дейін жететін «Кавендиш» банан сұрпы қазіргі таңда мол өнім беріп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, бұл бастамадағы басты мақсат – «шыбық ексең, шынар өсетін» Сарыағаш топырағының кез келген өнімге қолайлы екенін дәлелдеу және агроөнеркәсіп саласын дамыту.
 
Айта кетсек, жылыжайда бананнан бөлек папайя, лимон, апельсин, мандарин, кофе және патайя секілді экзотикалық жемістерді жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өсімдіктер жылыжай жағдайында өсірілгендіктен, оларға қажетті температура мен ылғалдылық тұрақты түрде сақталады. Соның нәтижесінде алынған өнім экологиялық таза әрі сапалы болып келеді.
 
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі