САРЫАҒАШТА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУДІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ

САРЫАҒАШТА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУДІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ
 
 
Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан
Орыновтың Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында білім беру ұйымдарының қызметі жан-жақты сарапталды. Кеңейтілген жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, саладағы өзекті мәселелерді назарға алды.
 
Талдау қорытындысында басқару тиімділігін күшейту, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және ішкі бақылау жүйесін жетілдіру бағытында нақты міндеттер белгіленді. Педагог кадрлардың әлеуетін тиімді пайдалану, кәсіби біліктілікті арттыру, аттестациялау үдерістерін жүйелеу мен оқу жүктемесін оңтайландыру мәселелері басымдыққа ие болды.
 
Ауданда 214 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 201 ұйым мемлекеттік тапсырыспен қамтылған. 2027 жылдан бастап енгізілетін лицензиялау талаптары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын кадрлық талаптарды күшейтетіндіктен, педагогтердің даярлық деңгейін арттыру және аттестациядан уақтылы өтуін қатаң бақылау қажеттігі атап өтілді.
 
Сондай-ақ 2025–2026 оқу жылында ауданда 102 мектеп қызмет көрсетуде, мемлекеттік мектептерде 55 527 оқушы білім алуда.
 
Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуы және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы жұмыстарды үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді.
 
Жұмыс сапары барысында инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше қолдауды қажет ететін балалармен жұмысты жүйелеу, қаржылық тәртіп пен ашықтықты сақтау, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ тәрбие және алдын алу шараларын күшейту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
 
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі