САРЫАҒАШ: САМАЛ-3 ШАҒЫН АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІН ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

САРЫАҒАШ: САМАЛ-3 ШАҒЫН АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІН ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласына қарасты Самал-3 шағын ауданын ауыз сумен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын арнайы барып бақылап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес барлық жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, ауыз су жүйесін тарту барысында қолданылатын материалдардың сапасына, құрылыс қауіпсіздігі мен техникалық талаптардың сақталуына ерекше назар аударды.

 

Қазіргі таңда,  ауыз су құбырларын тарту жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Атап айтқанда, диаметрі 110, 160, 180, 225, 250 және 280 миллиметр болатын су құбырлары орнатылуда. Сонымен бірге, сыйымдылығы 2000 текше метрді құрайтын су қоймасының бетондау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаның құрылыс жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталған. Жобаның тапсырыс берушісі – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, ал жұмысты орындаушы мердігер мекеме – «Сарыағаш-Аман» ЖШС.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі