Сарыағаш қаласында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, саралады.
Аудан әкімі «Samruk–Kazyna Construction» АҚ және мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаумен қатар, сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс барысын бақылау және үйлестіру жұмыстары аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байгабуловқа жүктелді.
– Құрылыс барысында ең басты назарда – сапа мен қауіпсіздік болуы тиіс. Әрбір атқарылып жатқан жұмыс белгіленген стандарттарға толық сай жүргізіліп, нысан халық игілігіне қауіпсіз күйде тапсырылуы қажет, – деді Арман Абдуллаев.
Қазіргі таңда құрылыс нысанында технологиялық құрал-жабдықтарды орнату және тазалық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 8 адам еңбек етуде.
Аталған мектеп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk–Kazyna Construction» АҚ, ал мердігер мекеме – «А-Спецстрой» ЖШС.
Айта кетсек, жаңа мектептің пайдалануға берілуі аудан тұрғындары үшін сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан болмақ.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі