САРЫАҒАШТА ӨРТ ЖӘНЕ ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛДІ

САРЫАҒАШТА ӨРТ ЖӘНЕ ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛДІ

 

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде өрт қауіпсіздігін сақтау және газдан уланудың алдын алу мақсатында рейдтік және түсіндіру-профилактикалық іс-шаралар күшейтілді.

 

Осыған орай, бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев тиісті сала басшыларымен бірге Қызылжар ауылдық округіндегі тұрғын үйлерді аралап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 

Аудан әкімі тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігі басты басымдық екенін атап өтіп, алдын алу шаралары алдағы уақытта да жүйелі әрі қатаң түрде жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, жауапты мекемелерге тұрғын үйлерде өрт және газ қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Сондай-ақ, Қызылжар елді мекеніндегі мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «Сарыағаш аудандық газ-техникалық инспекциясы» КММ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және газ шаруашылығы мекемесінің мамандары тарапынан газ және өрт қауіпсіздігі бойынша жан-жақты ақпарат берілді.

 

Айта кетсек, аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – газдан улану, өрт шығу және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ адам шығынын болдырмау. Осы ретте, 2026 жылғы 13–22 қаңтар аралығында Сарыағаш ауданының қала және ауылдық округтерінде газ қауіпсіздігіне арналған кең ауқымды түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Іс-шаралар барысында тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріліп, тұрмыстық газ жабдықтарын дұрыс қолдану бойынша нақты ұсыныстар берілуде. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік пен айыппұл көзделетіні жөнінде ескертілуде.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі