АРМАН АБДУЛЛАЕВ: АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ!

АРМАН АБДУЛЛАЕВ: АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ!

 

 

Шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың тұрақты бақылауында. Ауданда ауыз су мәселесі жыл өткен сайын кезең-кезеңімен оң шешімін тауып, елді мекендерге су құбырларын тарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

 

Осыған орай, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, жауапты мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыс жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес, белгіленген мерзімде және жоғары сапада аяқтау қажеттігін қатаң тапсырды.

 

 -Бүгінде елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Ауыз сумен қамту – басты мақсатымыз. Бұл – халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Сондықтан әрбір нысанда атқарылатын жұмыстардың сапасына ерекше мән берілуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

 

Ақжар ауылдық округінің Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС. Жобаның тапсырыс берушісі – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.

 

Қазіргі таңда нысанда су қоймасын қоршау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, диаметрі 110 мм және 160 мм ауыз су құбырларын тарту, су құдықшаларын орнату жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталған. Жоба толық іске асырылғаннан кейін  7 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі