Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылды округіндегі «Жабай ата» шаруа қожалығына барып, жылыжай кешенінің жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен пікір алмасты. Арман Абдуллаев сенаторларға аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба және алдағы даму бағыттары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сенат депутаттары атқарылып отырған жұмысты оң бағалап, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.
Ауыл шаруашылығы саласында тың жобаны жүзеге асырып отырған шаруашылықта тропикалық климатта ғана өсетін лимон жемісі жергілікті жағдайға бейімделіп, мол өнім беруде. Үш жыл бұрын егілген лимон көшеттері бүгінде жеміс беруді бастаған.
Шаруа қожалығы өкілдерінің айтуынша, бастапқы кезеңде жерді тұздан арылту және зиянкестерден тазарту мақсатында қияр мен қызанақ дақылдары өсірілген. Қазіргі таңда шаруашылықтың 7 гектар аумағында лимон ағаштары орналастырылған. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарықта сатылуда. Бүгінде жылыжай кешенінде 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі