Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ
 
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге ауқымды сұхбат беру арқылы белгілі бір саяси дәстүр қалыптастырдыңыз деуге болады. Осы орайда, «Turkistan» газетінің ұсынысын қабыл алғаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз.
– «Turkistan» газеті 30 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Бұл – Қазақстандағы ең ықпалды басылымның бірі. Газеттің атауында да өте үлкен мән-мағына бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ортақ тақырыптарды да көтеріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын.
 
Шетелде жұмыс істеп, түрлі салада табысқа жеткен қазақтар туралы мақалаларды қызығушылықпен оқимын. Қазақстан мен өздері тұрып жатқан елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып жүрген осындай үш азаматты арнайы марапаттадым.
 
Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады.