САРЫАҒАШТА «ЖЫЛ ҮЗДІГІ – 2025» МАРАПАТТАУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

САРЫАҒАШТА «ЖЫЛ ҮЗДІГІ – 2025» МАРАПАТТАУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Сарыағаш ауданы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып, түрлі салаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Осы жетістіктерді қорытындылау мақсатында аудан көлемінде «Жыл үздігі – 2025» аталымы бойынша үздіктер анықталды.

 

Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты марапаттау рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Шермат Ибрагимов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстапа Сүлейменов қатысып, жыл үздіктерін құттықтады.

 

Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Абдуллаев жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, халыққа сапалы қызмет көрсетуде жоғары нәтижеге қол жеткізген азаматтарға ризашылығын білдірді.

 

— Бүгін біз өз еңбегі мен табандылығының арқасында биік белестерді бағындырған азаматтарға «Жыл үздігі – 2025» номинациясын табыстаудамыз. Жеңімпаздар — ауданымыздың мақтанышы, елдің келешегіне сенім ұялататын көшбасшылар. Сіздер Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып, өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге бола бересіздер деп сенемін. Баршаңызға Жаңа жылда толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін. Марапаттарыңыз құтты болсын!, — деді аудан басшысы.

 

Аудан әкімі мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт, кәсіпкерлік, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша үздік деп танылған азаматтарды марапаттап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, бірқатар сала өкілдеріне арнайы номинациялар табысталды.

 

Ауданның дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының мерейі үстем болған кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі