Сарыағаш ауданына қарасты Жаңаталап және Атамекен елді мекендерінде жаңа медициналық нысандар пайдалануға беріліп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды.
Медициналық нысандардың ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде халық денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, аудан аумағында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар шалғай ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету мәселесі үнемі назарда болатынын айтты.
Жаңаталап елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи талаптарға сай салынған және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Нысанда акушерлік, күндізгі стационар, физиотерапия, бала дамуын бақылау бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ ЭКГ аппараты мен жүрек қызметін тексеруге арналған заманауи медициналық құрылғылар орнатылған. Дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмелерімен жабдықталған мекеме бір мезетте 20 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда жалпы 5 медицина қызметкері жұмыс атқарады.
Атамекен елді мекеніндегі медициналық тірек те тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге бағытталған. Бұл нысан да бір мезетте 20 адамды қабылдай алады. Аталған медициналық нысандардың құрылыс жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Жобаның тапсырыс берушісі – «CK ABU GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Айта кетсек, жаңа медициналық нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға, сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға зор үлес қосады
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі