Сарыағаш ауданында аралас үлгідегі «Ainala» атты жаңа оңалту орталығы өз жұмысын бастады. Аталған орталық «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылған жоба аясында ашылды.
Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында жоба маңыздылығы атап өтіліп, ата-аналар тарапынан алғыс сөздер айтылды.
«Ainala» оңалту орталығының басты ерекшелігі – аралас үлгідегі форматта жұмыс істеуі. Бұл әртүрлі диагнозы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтуға мүмкіндік береді. Орталық тек оңалту қызметін көрсетіп қана қоймай, ерте араласу, әлеуметтік бейімдеу және әлеуметтендіру бағытында да кешенді көмек ұсынады. Бұл балалардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың әлеуетін ашуға және қоғам өміріне бейімделуіне ықпал етеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі