
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудандық мәслихат депутаттарымен бірге Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысанның құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады.
Аудан басшысы мердігерге бірқатар сын-ескертпелер жасап, құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды, сондай-ақ халық игілігіне арналған нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Аталған медициналық нысанның құрылысы жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда нысанның сыртқы әрлеу және қоршау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мердігері — «БибиМанапҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Айта кетсек, жоба толық аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары заманауи талаптарға сай медициналық қызметпен қамтылатын болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі