
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Аталған нысанның іске қосылуына арналған салтанатты шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат депутаттары Шермат Ибрагимов пен Төрехан Жұмабеков, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, аудан басшысына алғыстарын білдірді. Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын «Универсал Строй Сервис» ЖШС-і жүзеге асырды. Жоба аясында сыйымдылығы 500 текше метр болатын 2 су резервуары, бірінші және екінші көтерілімдегі насостық станциялар, сондай-ақ қуаттылығы 63 кВА трансформатор қондырғысы орнатылды. Құрылыс жұмыстары толық көлемде орындалып, нәтижесінде 890 абонент таза ауыз сумен қамтылды.
Айта кетсек, биыл Сарыағаш ауданында жалпы 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, ауыз сумен қамту деңгейі 12,76 пайызға артып, 92,1 пайызды құрады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі