САРЫАҒАШ: ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫН ПЫСЫҚТАДЫ

САРЫАҒАШ: ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қазіргі ахуалымен танысты.

 

Алдымен облыс басшысының бірінші орынбасары аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге Сарыағаш қаласындағы Шәмші Қалдаяқов гүлзары көшесінде орналасқан №3 жатақхана аумағында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарын тексерді. Биыл №3а жатақханадағы әжетханалар толық жөндеуден өткізіліп, жаңа қоқыс алаңы салынды. Сонымен қатар Ш.Қалдаяқов гүлзары бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге кәріз жүйесін тарту жұмыстары жалғасуда. Жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатқан бұл жоба аясында пәтерлерге толық кәріз жүйесі енгізіліп, жинақтаушы құбырлар орнатылуда. Нысан Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Сарыағаш қызмет» КММ теңгерімінде.

 

Сапар барысында Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш қаласындағы «Қапланбек» кеден бекетінің де жұмысымен танысты. Кеден бекеті аумағын дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау және өткізу мүмкіндігін арттыру мәселелерін Арман Абдуллаевпен және тиісті сала басшыларымен талқылады.  Аралау кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары автобустардың кезексіз өтуін ұйымдастыру, жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ өткізу пунктінің инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

 

 «Қапланбек» кеден бекеті 2022 жылдың желтоқсан айында қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты уақытша жабылған болатын. Күрделі жөндеу 2024 жылы аяқталып, Қазақстан және Өзбекстан тараптары «Қапланбек» және «Навои» өткізу бекеттерін бір мезгілде жаңғырту жұмыстарынан өткізді. Нәтижесінде, 2025 жылдың 5 ақпанынан бастап «Қапланбек» бекеті қайта пайдалануға берілді.

 

Жаңғыртылған өткізу пункті халықаралық талаптарға сай толықтай жабдықталған. Бекетте заманауи технологиялар орнатылып, екі бағытта 16 паспорттық бақылау кабинесі іске қосылған. Жолаушылардың шекарадан өтуін жеңілдету үшін барлық жағдай жасалып, көлік қозғалысының барлық циклі толық автоматтандырылды.

 

Сапардың келесі бағыты  Самал-3 шағын ауданын ауыз сумен қамту жобасы болды. Зұлпыхар Жолдасов құрылыс барысын тексеріп, жұмыстарды мерзімінде әрі сапалы орындауды тапсырды.

 

Самал-3 шағын ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы 2025 жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі таңда ауыз су құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы — 166 525 метр. Тапсырыс беруші — Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, мердігер — «Сарыағаш-Аман» ЖШС, техникалық қадағалаушы — «Бақ-Ерке строй» ЖШС.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі