ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ӨТКЕН СЕНБІЛІККЕ 3 МЫҢНАН  АСТАМ АДАМ ҚАТЫСЫП, 11 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛДІ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ӨТКЕН СЕНБІЛІККЕ 3 МЫҢНАН  АСТАМ АДАМ ҚАТЫСЫП, 11 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» аясында Сарыағаш ауданындағы «Айырылмас» этно-мәдени саябағында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Жәнібек Сүлейменов, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев,  студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер және еріктілер қатысты.

 

— Бүгін бізді біріктіріп тұрған — қоғамның белсенділігі. Әрбір тұрғынның ықыласы мен еңбегі ауданымыздың келбетіне қосылған нақты үлес. Табиғат – бәріміздің ортақ байлығымыз. Сарыағаш – табиғаты әсем, туристік әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан тазалықты сақтау – өңіріміздің көркін арттыру, болашақ ұрпаққа үлгі болу. Баршаңызды тек сенбіліктерде ғана емес, күнделікті өмірде де тазалыққа мән беруге, қалдықтарды сұрыптауға және қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырамын. Біріккен еңбек қана үлкен нәтижеге жеткізеді. Бүгінгі сенбілік Сарыағаш ауданын одан әрі көркейтіп, жайлы болуына ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға еңбектері үшін алғыс айтамын. Ортақ үйіміз – Қазақстанды таза ұстайық, — деді облыс басшысының бірінші орынбасары.

 

Сенбілік барысында 11 мыңға жуық ағаш көшеттері таратылып, қатысушылар тарапынан егілді. Сонымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 1000-ға жуық қап, қолғап, тырма, күрек секілді құрал-жабдықтар берілді. Аудан бойынша 3000-нан астам тұрғын сенбілікке белсене қатысып, қоршаған ортаны абаттандыру мен тазартуға үлес қосты.

 

Тазалық жұмыстарына арнайы коммуналдық техникалар жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы және 13 ауылдық округте республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, ішкі көшелер мен қоғамдық орындарда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.Бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, арамшөптер шабылды, қураған ағаштардың бұтақтары кесілді. Арық-атыздар тазартылып, саябақтар мен скверлер ретке келтірілді. Жасыл желекті көбейту мақсатында қосымша ағаштар егілді.

 

Айта кетсек, сенбіліктің негізгі мақсаты — аумақты көгалдандыру, көшелер мен саябақтарды, арықтарды және демалыс орындарын қоқыстан тазарту, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі