Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы бірқатар ірі темір жол жобаларын қолға алған. Соның ішінде маңызды стратегиялық жобалардың бірі – «Дарбаза – Өзбекстанмен Мемлекеттік шекара» темір жол желісінің құрылысы болып табылады.
Осы ретте, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс сапасы мен мерзімдерінің сақталуын, сондай-ақ әлеуметтік мәселелердің шешілуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жалпы ұзындығы 153,2 шақырымды құрайтын темір жол желісінің 24,86 шақырымы Сарыағаш ауданының аумағынан өтеді. Қазіргі таңда аталған аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл бөлікте 26 жасанды құрылыс нысаны қарастырылған, оның ішінде 15 су өткізгіш құбырлар және 11 көпір салынуда. Құрылыс жұмыстары 68 пайызға орындалған. Сарыағаш ауданы аумағындағы жер төсемдерін салу жұмыстары 82 пайызға жетті. Сонымен қатар, жаңа темір жол желісі бойында электр бағаналары орнатылған.Оған қоса, жобаны іске асыру барысында су, газ, байланыс және электр желілерін қайта құру жұмыстары да толық аяқталған.
Айта кетсек, бұл жоба еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, өңірлерді байланыстыру мен халықаралық сауданы жандандыруда айрықша рөл атқарады. Сонымен қатар, құрылыс кезеңінде және болашақта пайдалануға берілгеннен кейін халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуде де экономикалық маңызы зор.
Жобаның табысты жүзеге асуы өңір экономикасының дамуына, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатының артуына және еліміздің көлік инфрақұрылымының нығаюына ықпал ететін болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі