САРЫАҒАШ: КІТАПХАНАШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

САРЫАҒАШ: КІТАПХАНАШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

«24 қазан – Кітапханашылар күніне» орай Сарыағаш ауданында «Зияткер кәсіп – заман кітапханашысы» атты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады. Атап айтқанда: А. Мамадиярова мен П. Оразбаева – «Қазақстан Республикасының Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен, И.Любименко – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Г.Тореханова – ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғ. Құдайбергенқызының алғыс хатымен, Н.Әлібекова – ҚР Академиялық кітапханасының директоры  К.Қарсақбайқызының алғыс хатымен марапатталды.

 

Сонымен қатар, аудан әкімі «Ең үздік оқырман – 2025» номинациясы иегерлеріне Алғыс хаттар мен 50 000 теңге көлеміндегі сертификаттарды табыс етті. Аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы  балалар кітапханасының үздік оқырмандарына алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар ұсынды. Кітапхана ұжымы оқырмандарға демеушілік көрсеткен аудандық мәслихат төрағасы Р. Асылбекұлына және мәслихат депутаты Қ. Жүсіповке шынайы алғысын білдірді.

 

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Құдірет Қыстаубаев кітапхана саласының үздік қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. Іс-шара соңында Сарыағаш ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділ Ташполатов «Жыл кітапханашысы» дипломын және бағалы сыйлық табыс етті.

 

Кітап – халықтың рухани байлығы, ұлттың жады мен тарихының айғағы. Ал кітапханашы – сол асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтап, оқырманды рухани әлемге жетелейтін мәдениет майталманы. Бұл мерекелік шара – кітапханашылардың қоғамдағы мәртебесін арттырып, руханият пен білім саласына қосқан үлесіне деген зор құрметтің жарқын көрінісі болды.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі