САРЫАҒАШ: АУДАНДЫҚ «АҚ ӘЖЕЛЕР ӘУЕНІ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

САРЫАҒАШ: АУДАНДЫҚ «АҚ ӘЖЕЛЕР ӘУЕНІ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

 

 

Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Ақ әжелер әуені» атты дәстүрлі фестиваль өтті. Фестивальге арнайы қатысқан Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қатысушыларды құттықтап, өз алғысын білдірді.

 

– Сіздердің бүгінгі өнерлеріңіз – өскелең ұрпаққа тағылым мен тәрбие берер үлгі. Биыл 15-ші рет ұйымдастырылып отырған бұл өнер додасында сіздерді көргеніме қуаныштымын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Қазанын оттан түсірмей, қазынамызды дәріптеп жүрген ақ әжелер аман болсын! – деп, Арман Абдуллаев  қатысушыларға  арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар, ақ жаулықтар  табыстады.

 

Биыл фестивальге  аудан бойынша 18 әжелер тобы қатысып, 160-қа жуық әже сахна төрінде өнер көрсетті. Ақ жаулығын арым, өнерімді барым деп білетін аналар халық арасында кеңінен тараған тұрмыс-салт жырларын және қазақ сазгерлерінің жүрекке жетер туындыларын орындап, көпшілікке рухани демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй  сыйлады.

 

Айта кетсек, фестивальдің мақсаты – ауылдық клубтар мен мәдениет үйлеріндегі әжелерден құралған шығармашылық ұжымдардың белсенділігін арттыру, қазақ композиторларының әндерін насихаттау және халықтың рухани жаңғыруына үлес қосу.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі