Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік спортшыларды арнайы қабылдап, жетістіктерімен құттықтады.
– Спорт – денсаулық кепілі. Ал спорттағы жеңістер – тынымсыз еңбектің, табандылықтың және үлкен жігердің нәтижесі. Ауданымыздың спортшылары осындай қажырлы еңбектің арқасында биік белестерді бағындырып келеді. Халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, аудан мерейін үстем еткендеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көріне беретініңізге сенемін, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында Арман Абдуллаев жас спортшылар мен олардың бапкерлеріне арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Спортшылар өз жетістіктерімен бөлісіп, алдағы уақытта бұдан да жоғары белестерді бағындыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Ал білікті бапкерлер аудандағы спорт саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Жетістіктерімен аудан намысын асқақтатқан Омар Дүйсембек 2025 жылдың 8–10 шілде аралығында Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен жастар арасындағы грек-рим күресінен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Жаттықтырушысы: Маулан Дүйсембек №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері. Асылжан Таскет биыл 25 шілде күні Шымкент қаласындағы «Қажымұқан» спорт кешенінде өткен Халықаралық “Алаш Фрайд” жекпе-жек турнирінде 66 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Ақтық сында Қырғызстан спортшысын мерзімінен бұрын жеңіп, чемпион болды. Жаттықтырушысы: Жанар Курманова №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі