
Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев сенбілік аясында Сарыағаш қаласындағы Бәйтереков көшесін арнайы жаяу аралап, атқарылып жатқан тазалық жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы Сарыағаш қаласының әкімі Айыпхан Ешанқұлға кәсіпкерлік нысандардың айналасын, орталық көшелердің келбетін ретке келтіру, тазалық және абаттандыру жұмыстарының тұрақты түрде жүргізілуін қамтамасыз ету және олардың қарқынын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Тазалық пен тәртіпті күшейту мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданға қарасты 13 ауылдық округ пен қала әкімі аппаратына арнайы планшет құрылғылары сатып алынды. Бұл құрылғылар елді мекендердегі санитарлық жағдайды бақылау және дер кезінде әрекет ету үшін пайдаланылады. Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің: 434-2-бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) және 505-бабы (Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу) негізінде жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, тазалық және абаттандыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы техникалар сатып алынып, олар қала және ауылдық округ әкімдіктерінің, сондай-ақ коммуналдық мекемелердің балансына берілді. Қазіргі таңда, тазалық жұмыстарын Сарыағаш қаласына қарасты «Таза қала» мекемесі және абаттандыру бағытындағы шараларды ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Сарыағаш қызмет» мекемесі жүзеге асырып келеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі